Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: "Сен ана бір жас шыбықты суыршы", - депті. Ол қиналмай-ақ суырып алыпты. Енді одан жуанын суыруын тапсырыпты. Ол досын көмекке шақырыпты. Ал одан да жуан ағашты көрсеткен екен, көп адам жиналып ырғаса да, оны орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: "Көрдің бе? - депті, - жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Кейіннен достарыңды көмекке шақырасың. Ал нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады", - деген екен.

**************************************************************

     Бірде ғұлама кісі шәкірттерінің алдына ақ қағаз жайып, ортасына кішкене ғана нүкте белгілепті. Сөйтіпті де: "Сендер бұдан не көріп тұрсыңдар?" - деп сұрапты. Шәкірттері: "Кішкене нүкте көріп тұрмыз", - дегенде, "Ойпырым-ай, алдарыңа жайған көлдей қағаздың ақ жағын емес, ортасындағы кішкене дақты сөз еткендеріңе жол болсын. Бұл сірә, басқаның бірден жаман жағын көргіш адам мінезін байқатса керек. Бұдан былай өмірдің жақсы жағы мен адамның жағымды қасиеттерін де көре білуге дағдыланыңдар", - деп өмірлік мәні зор сабақ ұқтырған екен

      Бір кісі Жалаладдин Румиге келіп, кедейлігін айтып, мұңын шағады. Ғұлама одан: "Егер бір дене мүшеңді кесіп алып, орнына мың алтын ұсынса, сен бұған разы болар ма едің?" - деп сұрайды.
Ол кісі: "Жоқ, о не дегеніңіз?!" - деп жауап береді.
Сол кезде Руми оған: "Онда неге әркімге мұң шағасың? Баға жетпес он екі мүшең сау тұрғанда, кедеймін деуің жараса ма?! Қайта Аллаһ тағалаға шүкіршілік айтпайсың ба?!" - деп ойлантқан екен.

      Бір ауруханада екі қарт жатыпты, Екеуінің науқастары бір болғандықтан бір бөлмеге жайғастырылыпты. Тек бірі терезенің жанында, екіншісі есіктің дәл қасында жатады екен. Терезе жанындағы қарт күн сайын есік тұсындағы қарияға сырттағы тыныс-тіршілік туралы айтып отыратын:
— «Бүгін теңіз бір қалыпты. Аздап жел соғып тұр ғой деймін. Өйткені ана ұзақтағы кеменің желкені желбіреп тұр. Теңіз жағалауында шағалалар ұшып жүр».
Осылайша күндер өте береді. Күндердің бірінде әлгі терезе жанындағы ақсақалдың жүрегі ұстап нашарлап қалады. Әдетте, бөлмедегі қоңырау түймесін баса қалса дәрігерер жетіп келетін. Ал бүгін қасындағы қарт дәрігерді шақыртатын түймені баспады. Өйткені терезеден дүниені өзі көре алмай, тек көршісін тыңдаумен ғана шектеліп жататын. Сол есіне түсті ме, шайтанның сөзіне еріп, қоңыраудың түймесін басуға құнт таныта қоймады. Осылайша, ол досын жазықсыздан жазықсыз өлімге қиды да жіберді. Келесі күні дәрігерлер есіктегі кісіні терезе жанындағы босаған орынға ауыстыратын болды. Осы күнге дейін тыңдауды ғана місе тұтқан адамның қуанышы қойнына сыймады. Енді табиғаттың сан қырлы нақыштарын өз көзімен көріп жататын болды. Орнына жайғаса салып, басын көтеріп терезеге асыға мойнын созып еді. Арғы жақта қара қабырғадан басқа еш нәрсе көрінбеді.

      Бір заманда үрдіс болған қайырымдылық марафондарының біріне атақты миллионер Генри Форд ұлын ертіп барады. Арнайы жәшікке баласы 100 доллар тастағанда, әкесі 50 доллар ғана салыпты. Мұның бәрін бақылап тұрған журналистер қоршап алып: "Қайырымдылыққа қосқан Сіздің үлесіңіз неліктен ұлыңыздікінен аз болды?" - деген сұрақтың астына алады. Сонда Генри Форд дым саспастан: " - Ол әкесіне сенетін шығар, ал менің оныкіндей миллионер әкем жоқ!" деген екен.

      Бір орманда екі адам ағаш шабады екен. Бірінші адам таңертең ерте ұйқысынан оянып, бір ағаш шапса, дереу екіншісіне өтіп тыным таппайды. Таңнан қара кешке дейін дәл осылай еңбектеніп, тынығу дегенді білмейді. Тіпті түскі тамақты да ұмытып кететін болыпты. Кешкісін әлгі досынан бірнеше сағат кейін үйіне қайтады екен. Екінші адам болса, ағаш шауып түсірген сайын біраз отырып тынығып, қас қарая бастағанда, үйіне қайтып кететін болыпты.

Бір апта бойы осылай еңбектенгеннен кейін, бір апталық ағаштарын санайық депті. Нәтижесінде, екінші адамның шапқан ағаштары көбірек екендігі мәлім болыпты.

Бірінші адам ызаға булығып, қасындағы адамнан мұның сырын сұрайды. Екінші адам азғана езу тартып былай деп жауап қатады:

– Мұның анау айтқандай сыры жоқ. Сен тынбай еңбектенесің. Ал мен кей-кейде тынығып отырып, балтамды қайрап алам. Өткір балтамен жұмыс істеу жұмысты жеңілдетеді әрі шаршамайсың.

Ғибратнама: Өз-өзіңді жетілдіру, балтаны қайрағанға ұқсайды. Өз-өзімізге уақыт бөліп, істің көзін табуымыз керек. Кемшіліктеріміз болса толықтырып жетілдіре түсуіміз қажет. Бұл рухани жан-дүниеміз бен ой-өрісіміздің кеңеюіне көп септігін тигізеді."

      Бағзы бір заманда бір кісі өмірдің мақсатын түсінгісі келіпті. Әрі ойлайды, бері ойлайды. Бірақ санасын торлаған сауалға жауап таба алмайды. Енді бұл сұрақты көрген-білген адамдарынан сұрай бастапты. Бірақ ешкім де тұщымды жауап бере алмайды. Ауылдарды, көрші қалаларды аралап: «Маған бұл өмірдің мақсатын айтып беріңдерші» деп сұрастыра береді.

 Қанша жақсы болса да, алынған жауаптар бұл кісіні қанағаттандыра алмайды. «Еее, мұның жауабы жоқ екен ғой» деп күдерін үзетін шаққа жетеді. Сол кезде бір адам: «Сонау таудың арғы жағында көп жасаған қария бар. Содан сұрап бір көр. Бұл сұрақтың жауабын бір білсе, сол шал біледі» деп жөн сілтеп жібереді.

       Айтқан жерге жетіп, әлгі қартқа арнайы келген сауалын тастайды. Сонда ақсақал: «Шырағым, бұл сұрағыңа жауап беремін. Бірақ алдымен сені кішігірім бір сынақтан өткізуім керек. Соған көнесің бе?» - дейді.

     - Ойбай-ау, әрине көнемін. Сол үшін ел кезіп, жер кезіп жүрген жоқпын ба? Айтыңыз сынағыңызды.

       Қария бұл кісінің қолына бір қасық ұстатады. Сөйтеді де, оның бетіне дейін шүпілдетіп зәйтүн майын құйып береді: «Енді сен осыны ұстап мына бақшаны бір айналып келесің. Бірақ байқа, қасықтан бір тамшы май төгіліп кетсе, сынақтан құлағаның» деп ескертіп қояды. Жолаушы жақсы деп келіседі де, бақшаны айналып кете барады. Біраз уақыттан соң қайтып келеді.

     - Қалай, майды төгіп алған жоқсың ба?

- Жоқ, бір тамшысы да төгілген жоқ.

- Ал енді айтшы, бақшаның гүлдері әдемі ме екен?

- Атам-ау! Оны қайдан білейін, менің есіл-дертім мына қасықта болған жоқ па?

- Ендеше, бақшаны тағы бір айналып шық та, енді маған бақшаның көркемдігін айтып бер.

Жолаушы бір айналып қайтып келеді.

- Бақша қалай екен, -дейді қария.

- Әдемі екен, ата! Өте әдемі екен.

Осы тұста данышпан қарт сәл ғана жымияды да: «Бірақ қасықтағы майың не болды?», - дейді. Қараса, бір тамшы да май қалмапты.

      Осы бір өмірлік сабақтан кейін: «Қарағым, енді жақсылап тыңдап ал! Бұл өмірдің мәні сенің оған қарауыңа байланысты өзгере береді. Өмір бойы бір-ақ нәрсе көріп, қартайып қалғаныңды да байқамауың мүмкін. Сондай-ақ бұл дүниенің барлық ғажайыптарына таң қалып, оның Жаратушысының шеберлігіне таң қалып, ағып жатқан уақытыңа мән беруің мүмкін. Біле білсең, бұл өмірдің мәні сенің оған көзқарасыңа жасырылып қойған», дейді данагөй қария

       Жаңадан үйленген екі жас алғашқы айларында-ақ тұрмыстарының өздері ойлағандай болмай шыққандығын түсіне бастады.
Негізі бір-бірін жақсы көретін. Екеуі де ажырасуды қаламайтын бірақ бұдан әрі де бұлай жалғасуын тоқтататын шешім іздеді.
Ері "маған бір ой келді" деді. "Бақшаға бір ағаш отырғызайық. Егер бұл ағаш үш ай ішінде қурап кетсе ажырасайық. Қурамай өніп кетсе бұдан былай бұл тақырыпты қозғамайтындай болайық. Ал бұл мерзім ішінде екеуміз екі бөлек бөлмеде тұрайық ".
Бұл пікір келіншегіне де ұнайды. Ертеңіне бір жеміс көшетін алып бірге бақшаға отырғызады. Арадан бір ай өтеді. Бір түні бақшада кездесіп қалады. Екеуінің де қолында су толы бидон бар еді ..

Көрші тұратын екі жанұя болыпты. Бірінде күнде айғай-шу, ұрыс-керіс арылмайды екен. Ал екінші отбасындағылардың ұрыспақ түгілі қатты сөйлегендері естілмейтін.

       Бір күні бейбіт орнаған екінші отбасыға қызыға да қызғана қараған бірінші үйдің әйелі күйеуіне: «Көршілердің осындай бақытты, тату-тәтті тұруларына не себеп екен, барып көріп келші», -дейді.

       Ұрыс пен жанжалдан әбден мезі болған кісі шынымен-ақ көршілердікіне барып терезелерінен аңдып отырады. Әне, әйелі күйеуін жұмысына шығарып салды. Енді кір жууға кірісті. Кенет бірдеңе есіне түсіп кетті ме, асханаға қарай жүгіре жөнелді. Осы уақытта бір керегін ұмытып асығыс үйге кірген отағасы шелектегі суды байқамай аяғымен қағып кетті. Су еденге төгіліп қалды. Асханадан шыққан әйелі өзін кінәлі сезініп жарына:

       – Кешірші, мен кінәлімін, деп еді, күйеуі:
       – Жоқ, сен мені кешір, байқамаған мен кінәлімін, дейді жымиып.

       Әлгі кісі ұнжырғасы түсіп үйіне келеді.

 

       – Иә, көріп келдің бе? дейді әйелі.
       
– Иә.
       – Сонымен?
       – Мен барлығын да түсіндім. Бізде бәрініңкі дұрыс, ал оларда бәрі кінәлі...

 

      Бір кісі және баласы орманда серуендеп жүріп баласы шалынып құлап түседі. Ауырған жері жанына батқандықтан “Аххх!” деп айқайлап жібереді. Жандарындағы таудан “Аххх!” деген дауыс естігенінде бала таң қалады.
Ешнәрсені түсінбеген бала “Сен кімсің?” деп айқайлайды. Алған жауабы тағы да “сен кімсің?” болып келеді.
Бұл жауапқа ашуланып “Сен қорқақсың!..” деп айқайлайды. Таудан келген дауыс “Сен қорқақсың!” деп жауап береді.
Бала әкесіне бұрылып сұрайды “Әке не болып жатыр?” Әкесі “Балам тыңда және үйрен!” деп тауға қарап “Мен саған қайран қалдым!” деп айқайлайды. Қайтқан жауап тағы да “Мен саған қайран қалдым!” деп келеді.
Әкесі қайтадан айқайлайды, “Сен өте әдемісің!..” Жауап тағы “Сен өте әдемісің” болып келеді. Бала қатты таң қалады, бірақ әлі не болғанын түсінбейді.
Әкесі оған түсіндіріп береді. Адамдар бұны жаңғырық деп атайды, бірақ негізінде бұл өмір. Өмір әрқашан сенің бергендеріңді өзіңе қайтарады. Өмір – жасаған мәмілеміздің айнасы. Өзіңді жақсы көргізгің келсе, алдымен өзің жақсы көр! Саған жақсы мәміледе болуын қаласаң, өзің басқалармен жақсы қарым-қатынаста бол! Адамдардан құрмет көргің келсе, адамдарды құрметте! Адамдардың сабырлы болуын қаласаң, сен де сабырлы болуды үйрен!
Бұл қағида өмірдің барлық кезеңі үшін бірдей. Өмір кездейсоқтық нәрсе емес, жасаған әрекеттеріміздің айнадан кері шағылысуы.

Comments: 0